Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан салынған бөгет жарылып, Большая Малышка ауылына қауіп төндірді. Бірақ үйлерге жеткен жоқ. Дегенмен жергілікті тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Ал құтқарушылар қап-қап құм дайындап, топырақ үйіндісін қалпына келтіріп жатыр.
Биыл салынған бөгет түнде екі жерден жарылып, Есілдің суы ауылға қарай жайылды. Бірақ үйлерге жеткен жоқ. Дегенмен құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қазір бұл жерде төтенше жағдайлар қызметі, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар қап-қап құм тасып, бөгеттің жарылған жерлерін жабу үстінде.
Большая Малышка ауылында 200-ге жуық үй бар. Бірақ кейбір тұрғындар көшуден бас тартты. Константин Хвастуновтың айтуынша, Есіл өзені былтырғыдай тасымайды. Сондықтан отын жарып, қыстың қамын жасап жатыр.
Константин Хвастунов, ауыл тұрғыны:
- Мүлдем уайымдап жатқан жоқпыз. Су менің үйіме дейін жетпейді. Біз Сергеев су қоймасына қарап отырмыз. Бөгет үстімен ағып жатқан судың деңгейі 4 метрден аспады. Сондықтан алаңдайтындай жағдай емес.
Елді мекенде жедел әрекет ету штабы құрылған. Ал полиция қызметкерлері көшелерді күзетіп жүр. Бөгетті қалпына келтіруге Ұлттық ұланның 100-ден аса сарбазы көмекке келді. Жергілікті тұрғындар да атсалысып жатыр.
Евгений Журавлёв, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:
- Қазір бөгеттің бұзылған бір бөлігі қалпына келтірілді. Енді екіншісі қалды. Тұрғындар көшірілді. Олар Петропавлдағы жатақханаға жайғастырылды.
6 елді мекенде бөгет нығайтылып жатыр. Бұл жұмыстарға мың жарым адам мен 160 арнайы техника тартылған. Петропавлда Есіл өзені шарықтау шегіне жетіп, бір деңгейде тұр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов