Маңғыстау облысында итбалық қырылып жатыр. Өңір жаңалықтары

  • 54
  • 02.05.2025, 18:40

Каспий жағалауында тағы да итбалықтар қырылды. Ал Оралда 9 жастағы баланы тоқ ұрып, ауруханада қайтыс болды. Осы және өзге де аймақ жаңалықтарын қысқа қайырсақ.

Маңғыстау облысында итбалық қырылып жатыр. Өткен тәулікте Түпқараған ауданындағы жағажайдан 90-ға жуық теңіз сүтқоректісі табылды. Оқиға орнына гидробиология және экология институтының мамандары барды.

Алдын ала болжам бойынша итбалықтар 2-3 апта бұрын өлген. Сол себепті зертханалық зерттеу жүргізуге сынама алу мүмкін болмаған. Балық инспекторлары санитарлық талаптарды сақтай отырып, өлекселерді жинау, полигонда жою жұмыстарын жүргізді. Бұл жыл басынан бері тіркелген екінші дерек.

Оралда 9 жастағы бала токқа соғылып, қаза тапты. Қайғылы оқиға Исатай-Махамбет көшесі №82 үйдің жанында болған. Балалар ойнап жүргенде футбол добы қосалқы стансаның төбесіне тұрып қалады.

3-сынып оқитын Әнуар допты алмақ болып, ғимарат төбесінен салбырап тұрған ағаштан тартып, жоғарыға өрмелеп шығады. Төмен түсерде байқамай жоғары кернеулі электр сымын ұстап, өртеніп кетеді. Дәрігерлер балақайдың өмірі үшін 27 сағат күрескенімен, нәтиже болмапты. Денесінің 95 пайызын күйік шалған бүлдіршін жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баланың ата-анасы қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген қалалық электр тораптары мекемесін кінәлап отыр.

Қызылорда облысында жыл басынан бері 185 адамды кене шаққан. Ешбірінен қауіпті вирус анықталмаған.

Қазір өңірдегі 111 елді мекенде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қолайсыз деп танылған аумақтарда арнайы мамандандырылған мекемелердің қызметкерлері жұмылдырылған. Қазірге дейін Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында залалсыздандыру толық аяқталды.