Елордада көпқабатты тұрғын үй кешенінің астынан су шығып, тұрғындар алаңдаушылық білдіруде. Жауапты мекеме суды зертханаға жіберген көрінеді. Алайда үйді салған мердігер компания кепілдік мерзімі аяқталды, - деп жауапкершіліктен бас тартып отыр. Тұрғындардың шағымына қатысты әкімдіктің жауабы қандай болды? Мәселе қашан және қалай шешіледі?
Диана Қадыр, тілші:
- Елорданың қақ ортасында орналасқан комфорт санатындағы осы тұрғын үй кешеніндегі жеделсатыда 2 метрден аса су басқан. Тұрғындар бастапқыда осы мәселені өздері шешпек болып, шелекпен суды сыртқа тасыған. Ал жауапты мердігер компаниядан 15 күннен бері мардымды жауап болмай отыр екен.
Тұрғындардың айтуынша, 5 жыл бұрын қолданысқа берілген көпқабатты үйдің мердігері кепілдік мерзімі аяқталғанын алға тартып, жауапкершіліктен бас тартқан. Енді мәселені кім, қалай шешеді деген сауалға жауап таппай, халық әлек болуда.
Қайыркелді Омарбек, қала тұрғыны:
- 10 күнге дейін бізде су болды. Біз лифт қоса алмай отырдық. Одан кейін су кішкене тартылды. Содан кейін тұрғындар ішін тазалап, ақша шығарып өздері, лифтіні қосқандай болдық. Екі күн бе, қуанышымыз көпке жеткен жоқ. Лифт ішінде қайта су толып тұр. Ішінде бақа-шаян толып жүр.
Айтуған Айтумбетова, қала тұрғыны:
- Мердігерлер салған кезде гидроизоляция салмапты. Сондықтан бізге су кіреді. Биыл қайта-қайта өшіріп тастайды. Біздің үйде зейнеткерлер, мүгедектер бар. Мамалар бар 5-6 қабатта.Мына үйде бітпеген жұмыстар өте көп. Паркинг барлығы бітпеген. Сонда су құбырлары тұр, жан-жағы бітпеген. Соның барлығын мердігер компанияға айтсақ, мерзім бітті дейді. Сұрадық, гидроизоляция қайда десек, істедік дейді. Бізге дұрыс жауап бермейді.
Тұрғын үй маңындағы ойықтардан ағып жатқан суды бітеп жүрген «Астана су арнасы» қызметкерлері жеделсаты шахтасындағы суды зертханаға жібергенін айтты. Алайда олар камераға түсуден және аты-жөнін айтудан бас тартты.
«Астана су арнасы» МКК қызметкері:
- Шахтадан су ағып бастағаннан кейін, біздікілер анализ жасауға су алған. Шахтадағы су біздікі емес екендігі анықталып, көрсеткен. Мына жердегі «порывтан» аққан су біздікін көрсетті. Сондықтан біз қазір келіп, қарап, жамап кетеміз.
Бастапқыда ортақ меншік иелерінің бірлестігі мен тұрғындар су мәселесін бірге шешуге тырысып көрген. Алайда шамалары келмегендіктен, аудан әкіміне шығыпты.
Ислам Ибрагимов, «Сарайшық» аудан әкімдігі Тыныс тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда А 123 8 үй, Nurali Apartments тұрғын үй кешені бойынша лифт шахталарын су басу фактісі анықталды. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан ол үйде 3 насос қойылды. Су шығару жұмыстары жалғасуда. Ол бізде үйдің ішінен шығып жатқан су емес. Труба жарылған емес, канализация емес, ол жерасты сулары.
Қарлығаш Таштиева,Ортақ меншік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Әкімнің алып берген су сорғысы жанып кетті. Істен шықты. Өзіміз бастапқыда ақша жинап, мәселемен күрестік. Дегемен шамамыз тек 2-3 күнге жетеді. Қайта-қайта қаржы жинай алмаймыз. Мердігерден мардымды жауап, нақты қадам болмай отыр.
Жауапты мамандардың мәліметінше, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мердігер «Экостро-2023» компаниясына қатысты тексеру жұмыстарын бастайды. Ал әкімдік жерастынан шыққан суды тоқтату бойынша тез арада шешім қабылдайтынын мәлімдеді. Дегенмен мәселе нақты қашан және қалай шешілетіні әзірге белгісіз.
Диана Қадыр