Астанадағы «Шапағат» әлеуметтік базарында өрт шықты

  • 115
  • 08.05.2025, 18:47

Алдын ала мәлімет бойынша қызыл жалын шамамен 400 шаршы метр жерді шарпыған. Тілсіз жаумен күресуге 20 техника мен 71 құтқарушы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Шығын көлемі есептеліп жатыр. Оны кім өтейтіні және базар жұмысын қашан жалғастыратыны әзірге белгісіз.  

«Шапағатты» өрт шарпи бастағаны туралы хабар төтенше жағдайлар қызметіне шамамен сағат 10-нан 3 минут өткенде түскен. Бұл кезде базар енді ғана ашылған. Десе де сатушылар мен сатып алушыларды қоса алғанда осы уақытта ғимарат ішінде 400-ге жуық адам болыпты. Бәрі дін аман сыртқа шығып үлгерген. 

Мен жақын маңда тұрамын. Сондықтан негізгі сауда жасайтын орным осы базар. Бүгін әдеттегідей азық-түлік алу үшін келген кезде екінші қабаттан өрт шыққандығы айтылды. Бірден дыбыстық дабыл қағылды. Басқа адамдармен бірге бәріміз сыртқа шықтық. Көп ұзамай өрт сөндірушілер келді.

Өрттің екінші қабаттан басталғанын құтқарушылар да растады. Қызыл жалын онға жуық сауда нүктесін шарпып ғимараттың шатыры мен сыртқы бөлігіне де тараған.

Рамазан Мейірманов, Сарыарқа аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:

Болжам бойынша өрт электр сымының қысқа тұйықталуынан тұтанған. Синтетикалық өнімдер мен пластик қоршаулар болғандықтан жалын жылдам тараған. Қызметкерлер бүкіл сауда орталығын аралап шықты. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

20 техника және 71 адам. Осы күш пен құралдың арқасында 1 сағат 20 минуттың ішінде өрт толығымен сөндірілді. 

Сауда орнындағы өрт көлемі ауқымды болғандықтан техниканың түр-түрі жұмылдырылыпты. Өрт ауыздықталғаннан кейін де мынадай алып кранның үстінде құтқарушылар бірнеше сағат кезекшілік жасады. Сондай-ақ бұл маңда жедел жәрдем көлігі, басқа да күштік құрылым өкілдерін байқауға болады.

Мамандардың айтуынша, бұл ірі ғимарат өртенгенде жасалатын қалыпты үрдіс. Оның үстіне сауда орны үлкен жолдың бойында орналасқан. Яғни адам мен көлік қозғалысы қарқынды. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де барлық құрылым өкілдері шақыртылыпты. Ал ғимаратқа келген шығын көлемі әзірге белгісіз.

Ердәулет Ыбырайұлы, Ербол Мендіғалиев