Павлодар облысында қызыл қоңыз қаптап кетті

  • 637
  • 14.05.2025, 18:51

Павлодар облысы Майқайың кентінде қоңыз қаптап кеткен. Тұрғындар жәндіктерден аяқ алып жүре алмай қалдық, - деп дабыл қағып жатыр. Қанаттылар бау-бақшаның дымын қояр емес. Ақсу, Баянауыл және Павлодар ауданында да тап осындай жағдай тіркелген. Бұл жәндіктер «рапс жапырақ жемірі» деп аталады. Өсімдіктермен қоректенеді. Адамға қауіп төндірмегендіктен, оны өңдеуге бюджеттен ақша қарастырылмайды, - дейді мамандар.

Елена Бегимова, облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Биыл қыс ерекше жылы болды. Бұл көптеген зиянкестердің таралуына ықпал етті. Біз рапс жапырақ жемірін қолмен жинап, жоюға кеңес береміз. Өйткені елді мекендерде химиялық препараттар қолдануға болмайды. Күн күрт ыситын болса, қоңыздар жердің астына кіріп кетеді. Бірақ кейін қайтадан пайда болады.