Шерзат ісі: бес сотталушыдан жауап алынды

  • 53
  • 16.05.2025, 18:44

Талдықорғанда Шерзат Полаттың қазасына қатысты 8-ші сот отырысы аяқталды.

Бүгін бес сотталушыдан жауап алынды. Алғашқы болып Азамат Тоқтаубаев оқиға жайлы баяндады. Оның бұрын төрт рет істі болып, қайғылы жағдай кезінде пробациялық бақылауда жүргені анықталды. Соңғысында қасақана денсаулыққа зиян келтіру бабы бойынша жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Одан кейін кәмелет жасына толмаған айыпталушы сөйледі. Ол жүргізуші куәлігі болмаса да Нұрбол Тоқтаубаевпен бірге оның көлігін тізгіндеп, оқиға орнына барғанын, бірақ төбелеске қатыспағанын айтты. Ал Нұрқияс Ілиясов - Нұрғанат Гайыпбаевтың өздеріне қарата мылтық атқанын, оны тартып алып, ашу үстінде қарумен ұрғанын мойындады. Шыңғыс Белғожаев болса, пышақты қорғану мақсатында алып шыққанын, Шерзатты Нұрғанат екен деп шатастырып, тепкенін жеткізді.

Сот отырысының соңында Равиль Сәкиев Нұрқанатты үш рет тепкенін және «Абзал Шынасылдың біреуді пышақтадым»,- дегенін естігенін айтты. Келесі сот отырысы 21 мамырда өтеді.