Каспий жағалауынан 279 итбалықтың өлексесі табылды. Өңір жаңалықтары

  • 102
  • 27.05.2025, 16:23

Маңғыстауда тағы да итбалық қырылды. Ал ел шығысында күн жылынғалы 3 мыңдай адамды кене шаққан.

Маңғыстауда тағы да итбалық қырылып жатыр.

Каспий жағалауында тағы да итбалықтар қырылды. Инспекторлар қайықпен шолу кезінде Түпқараған ауданы жағажайынан 279 теңіз сүтқоректісін кезіктірген. Жүзден астамы Үрдік мүйісінде, қалғаны Баутин ауылының іргесінен табылған. Алдын ала болжам бойынша итбалықтар теңізде солтүстік-батыс бағытта соққан дауылдан кейін құрлыққа шығып қалуы ықтимал. 

Қазіргі кезде өлекселер жойылып жатыр. Мамандар бұл биылға үшінші рет тіркелген жағдай екенін айтады. Еске сала кетейік, былтыр дәл осы аудан аумағындағы жағалаудан екі мыңнан астам өлі итбалық табылған еді.

Қонарбай Базарбаев, облыстық балық инспекциясы басқармасының бөлім басшысы: 

- Итбалықтар өте шіріп кеткен жағдайда шығып жатыр. Сынама алу әбден мүмкін емес. Өкінішке қарай айта кететін де факт бар. Денесінде ау құралдарымен бірге табылып жатқандар да бар. Нақты онымен айналысатын жаңағы экология институты және гидробиология мамандары бар институттар. Солар бірнеше жылдан бері айналысып жатыр. Бірақ әлі де нақты міне, мынадайдан деген ешқандай тұжырымға келе алмай отыр7 

Екі адам кене энцефалитін, екі адам боррелиоз жұқтырды.

Шығыс Қазақстанда 2 адам кене энцефалитін жұқтырды. Олардың бірі емделіп шықса, екіншісі әлі ауруханада. Сондай-ақ тағы екі адам кене боррелиозына шалдыққан. Олардың екеуі де уақтылы емделді, - дейді мамандар. Бұл жағдайдың бәрі эндемикалық аумаққа жататын Риддер, Қатонқарағай, Алтай сынды аудандарда тіркелді. Жалпы өлкеде осы күнге дейін 3 мыңға жуық адамды кене шақты. Оның 800-ге жуығы балалар. Мамандардың айтуынша, қансорғыш шаққан тұрғындардың 90%-тен астамы кене энцефалиті вирусына қарсы иммуноглобулин екпесін салдырды. Эндемикалық аймаққа кіретін 670 гектар жер зарарсыздандырылды. Соған қарамастан «кене шақты» деп дәрігер көмегіне жүгінгендер азаяр емес.

Күн ысып, жұрт табиғат аясына демалуға шыққан соң келушілер қатары көбейе түседі. Кейде күніне 20-25 адамға вакцина салынады. Дәрігерлер кіп-кішкентай тіршілік иесінен зардабы мол кесел тарайтынын айтып, аса сақ болуды ексертеді. Әсіресе  кене энцефалитінің кесірі көп. Алғашқы белгілері ұзақ уақыттан кейін байқалатын бұл ауру соңы мүгедектікке, кейде адам өліміні дейін әкелуі мүмкін.

8,5 гектар жер телімі заңсыз сатылған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің бұрыңғы қызметкері мемлекеттік жер телімдерін заңсыз сатқан. Ірі мөлшердегі алаяқтық жасаған Әбдіжапаровқа сот үкімі шықты. Ол «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына 5 жылға жалға берілген 8,5 гектар учаскені алаяқтық жолмен қайта рәсімдеген. Қала әкімдігінің қаулысын заңсыз жасап, мемлекеттік меншіктегі телімді жекеменшікке өткізген. Кейін үшінші тұлғаларға 1,3 млрд теңгеге сатып жіберіпті.

Қылмысты Қаржы мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті анықтаған. Нарықтағы құны 13,6 млрд теңге болатын жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Әбдіжапаров ірі мөлшердегі алаяқтық бойынша 7 жылға сотталды.