Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы «Болашақ» шахтасында оқыс оқиға болып, үш адамды күйік шалды.
Бұл туралы «Қазхром» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Зардап шеккендерді шахта қызметкерлері сыртқа шығарған. Кейіннен оларды жедел жәрдем бригадасы Хромтау аудандық ауруханасына жеткізіпті. Өзге жұмысшылар да дер кезінде түгелдей қауіпсіз аумаққа шығарылған. Төтенше жағдайлар департаментінде арнайы штаб құрылып, жедел желі іске қосылды.
Еске сала кетейік, биыл қыста дәл осы шахтада жарылыс болып, салдарынан 4 адам зардап шеккен болатын.
Ерлан Сұлтангереев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Қазір екі науқас ауыр жағдайда, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Ал бір науқас травматология бөліміне жатқызылдып, орташа ауырлықта жағдайы. Бүкілі толығымен ем қабылдап жатыр. Дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар, аппарат толығымен қамтамасыз етілді.