Автобустың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс-қозғалды. Оқиға орнынан 15 адам ауруханаға жеткізіліп, ауыр жарақат алған үшеуі стационарға жатқызылды. Ақхалаттылар 2017 жылы туған 8 жастағы қыз баланың екі бірдей аяғын кесуге мәжбүр болған.
Еске сала кетсек, кешкі сағат 9:40 шамасында Республика даңғылымен келе жатқан автобус жол жиегіндегі шамның бағанасына соғылған. Полицияның алдын ала болжамы бойынша жүргізуші тізгінге ие бола алмай қалған.
Елордамыздағы №1 автопарктың басшылығы болған жағдайға түсініктеме беріп, оқиғаға қатысты өкініш білдірді. Айтуларынша, жүргізуші еңбек тәжірибесінде бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған.
Жомарт Байбеков, «№1 автобус паркі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Жүргізушінің 15 жылдан астам еңбек тәжірбиесі бар осы салада. Біздің автопаркте 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің еңбек жолында ағаттық жасамаған, жол ережесін бірде-бір рет бұзбаған тәжірибелі жүргізуші. Бұл жолы не болғанын тергеушілер анықтайды.
Эльмира Шәуленова, Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің бастығы:
- Жол жүру қағидатын бұзу фактісі бойынша абайсызда адамға ауыр дене жарақатын келтіруге әкеп соққаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі жолаушылармен бірге белгіленген бағыт бойынша жүріп келе жатып, маневр жасау кезінде көлік тізгініне ие бола алмай қалып, ақпараттық тақтаның тірегіне соғылған.
Әйгерім Ардақ, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Өкінішке қарай қатты зардап шеккен бізде 2017 жылғы бала. Иә, аяғының төменгі жағының ампутациясы жүргізілді.