Оралда сот төрағасы мен адвокат сотталды

  • 146
  • 04.06.2025, 18:31

Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасы Руслан Жұмагұлов 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айрылды.

Экс-судьяға қатысты қылмыстық іс Батыс Қазақстан облысының Тасқала аудандық сотында қаралды. Былтыр күзде тұтқындау кезінде сот төрағасы пара алды деген ақпарат тараған еді. Алайда істі қарау барысында Руслан Жұмағұловқа жауапты мемлекеттік қызметін пайдалана отырып, алдау және сеніміне кіру арқылы адвокаттың 200 мың теңгесін ұрлады деген айып тағылыпты. Ал адвокат Фазылғалиев қызметін пайдаланып, 1,5 млн теңгені заңсыз иеленгені және лауазымды тұлғаға қомақты мөлшерде пара беруге итермелегені үшін айыпталған. Сот үкімімен судьяға да, адвокатқа да бірдей жаза тағайындалды. Екеуі де сот залында қамауға алынды.

Әлия Теберикова, Тасқала аудандық сотының төрағасы:

- Сотталушы екі азаматқа да өмір бойына мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынды. Фазылғалиевке сонымен қатар 3 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Үкім күшіне енген жоқ. Тараптардың апелляциялық шағым беруге құқығы бар.