Алматыда үш күндік нәрестені сатпақ болғандар ұсталды. Қылмыстық топты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы әшкереледі. Күдіктілер жоспарларын бірнеше жыл бойы әлеуметтік желі арқылы жүзеге асырып келген. Олар тұрмыс жағдайы нашар әйелдерден, соның ішінде шетел азаматтарынан туған сәбилерді саудалаған.
Қылмыстық топ мүшелері жаңа туған ұл баланы қомақты ақшаға сатып жатқан кезде ұсталды. Олар шақалақты 5 миллион теңгеге бағалапты. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
- Алты адам құрықталды. Олардың барлығы кішкентай жаңа туған нәрестені сатуға барғандары анық болды. Жедел іздестіру және із кесу шараларын жүргізу барысында олардың қылмыстық әрекеттері толығымен дәлелденді. Біздің алдын ала болжамымыз бойынша Алматы қаласы емес, басқа да өңірлерде олар қылмыстарын жасау мүмкін деген болжамымыз бар. Қазіргі таңда бұл мәлімет жіті тексерілуде.