Шерзат Полаттың қазасына қатысты айыпталған сотталушыларға сот үкімі шықты. Дүйім жұртты дүрліктірген іске қатысты тоғыз күдікті ұсталған еді. Оларға қандай жаза тағайындалды?
Судья Ержан Жанұзақов мемлекеттік айыптаушылар сұраған жазаны өзгеріссіз қалдырды. Равиль Сәкиев 20 жылға, Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, Нұрқияс Ілиясов 9 жылға, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет 7 жылға, ал кәмелет жасына Думан Ысқақ 1,6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленушілерге 100 млн теңгеден асатын моральдік шығын өндірілу туралы үкім шықты. «Бұдан бөлек куә Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге, Арлан Қазыкенов пен Юлдаш Розыбакиевтің іс әрекетіне Алматы облысы прокурорының назары аударылсын»,— деп жеке сот қаулысы шығарылды. Айта кетейік, қайғылы жағдай қазанның 3-нен 4-іне қараған түні Талғар ауданында болды. Қамажай дүкеніндегі түсініспеушілік соңы төбелеске ұласып 16 жастағы Шерзат Полаттың сол жақ кеудесіне пышақ сұғылды. Ауыр жарақаттан жасөспірім жантәсілім еткен еді. Қылмысқа қатысты тоғыз күдікті ұсталды. Оларға «Адам өлтіру», «адам өлтіруге оқталу» және «Бұзақылық» бабымен 62 томдық іс қозғалды. 40-тан аса медициналық сараптама жасатылып, 200 куәден жауап алынды. Бейнежазбалар сараланды. Ашық сот процесі сәуір айының онынан бастап күні бүгінге дейін жалғасты. Нәтижесінде қатыгездікпен жасалған қылмыс үшін 1,5 жылдан бастап 23 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.