Қазақстанда төрт айда 9 200 жол апаты тіркелді

  • 75
  • 06.06.2025, 18:35

Жалпы ел аумағында жыл басынан бері 4 айда 9 мың 200 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. 

Бас прокуратураның дерегінше, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 процентке көп. Апат себептері әртүрлі. Мәселен, жаяу жүргіншіге жол бермеген 2 мыңға жуық жүргізуші оқыс оқиғаға тап болған. 915 жағдайда жылдамдықты арттыру фактісі тіркелсе, жол қиылыстарынан өту ережесін 573 жүргізуші бұзған. Ал жол белгілерін елемегендер саны – 553.

Жалпы жол апаттарынан 13 мыңнан астам адам зардап шекті. Олардың басым бөлігі Алматы қаласында – 2 мың 600 адам. Одан кейін Алматы облысы, Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстары тұр. Ең аз зардап шеккендер Ұлытау облысында тіркелді – 103 адам. Тізімді Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстары түйіндейді.