Өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артқан. Жыл басынан бері 314 қылмыс тіркеліпті. Құқық қорғаушылар да барын салып күресіп жатыр. Биыл 350-ге жуық адамды сан соқтырған 12 қылмыскер ұсталды.
Алаяқтардың құрығына іліккендердің бірі - 25 жастағы Светлана. Ол әлеуметтік желіде қайтарымсыз қаржы алып береміз деген хабарламаға алданып қалған. Сөйтіп микроқаржылық ұйымнан 700 мың теңге несие алыпты.
Светлана, қала тұрғыны:
- Мен олардың кеңсесіне бардым. Онда Надежда деген әйел күтіп алды. Сөйтіп мені суретке түсіріп, құжаттарымның көшірмесін жасатты. Одан соң несие рәсімдеді. Ақшаның жартысын өзі алып, қалғанын маған берді. Қайтарымсыз несие деген еді. Арада бір ай өткенде коллекторлар хабарласып тұр. Алданғанымды сонда білдім.
Светлана секілді алданғандардың қатары көп. Арызданушылар саны 147 адамға жеткен. Прокуратура өкілдері күдіктіні ұстап, оның тағы 6 сыбайласы барын анықтады. Әлгілер 3 жыл бойы жұртты алдап, 100 миллион теңгені қалтаға басқан.
Бұдан бөлек, құзырлы орган өкілдері 200 адамды сан соқтырып, 120 миллион теңге жымқырған ерлі-зайыптыларды анықтады. Олар: "Ватсап арқылы арзан ыдыс-аяқ сатамыз", - деп ақша жинап, тауарларын бермей кеткен. Жалпы жыл басынан бері интернет алаяқтықпен айналысқан 12 қылмыскер ұсталды.
Бақытжан Жылгелдиев, Жамбыл облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры:
- Ағымдағы жылы жалпы 314 алаяқтық қылмыс тіркелген. Оның ішінде 51 пайызы ашылған қылмыстар. Яғни олар бойынша күдіктілер анықталған және ұсталған. 72 есепшот бұғатталды. Азаматтық сотпен дропперларға қатысты 16 миллион теңгеге жуық 10 талап-арыз қанағаттандырылған. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктермен жәбірленушілердің аттарынан рәсімделген кредиттер бойынша жалпы 160 миллион теңгеге жуық тұрақсыз айыптар тоқтатылған.
2024 жылдың алты айында облыста алаяқтық бойынша 102 дерек тіркелсе, биыл қылмыс саны 3 есе артқан. Жәбірленушілер саны 400-ге жетті. Шығын көлемі - 500 миллион теңге. Қылмыскерлер әдетте банктің қауіпсіздік қызметкері немесе құқық қорғау органдарының маманы ретінде хабарласады.
Мұхаммед Қошмағанбетов, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Интернет алаяқтықтың құрбаны болмау үшін қарапайым ереже шаралар бар. Яғни ешкімге өздеріңіздің деректеріңізді айтпау. Сонымен қатар банк картасының нөмірін айтпау керек. Егер де белгісіз бөтен тұлғалар хабарласып жатқан жағдайда олармен сөйлеспей тұтқаны қоя салу керек. Қазір енді жасанды интеллектінің дамыған заманы ғой. Соны қолдану арқылы олар өздерін қазақша сөйлетеді.
Қылмыстың алдын алу үшін 2024 жылы аймақта интернет алаяқтыққа карсы мекемеаралық киберпол басқармасы құрылды. Мекеме алаяқтық шоттарды анықтап, бұғаттап шығындарды қайтарумен айналысуда.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан