Былтыр еңбек жағдайындағы оқыс оқиғадан 202 жұмысшы қаза тапқан

  • 151
  • 10.06.2025, 18:36

Елімізде жарты миллионға жуық жұмыс орны адам денсаулығына зиян, өміріне қауіпті. Былтыр 16 мың азамат кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылған. Яғни сонша адам жұмыссыз қалды деп пайымдасақ болады. Кәсіпорындарда мыңнан аса жазатайым оқиға тіркеліп, 200-ден астам жұмысшы мерт болған. Бұл жаға ұстатарлық сандардан нені аңдаймыз және қайтпек керек деген мәселе Үкіметте қаралды.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Былтыр еңбектегі жазатайым жағдайлардан 1400-ден астам адам зардап шегіп, 202 адам көз жұмған. Жарты миллиондай жұмыс орны әлі де адам денсаулығына зиянды және қауіпті саналады. Еңбек қауіпсіздігі саласындағы жүйелі мәселені министрдің өзі мойындайды.

Үкімет отырысында Светлана Қабыкенқызы еңбекті қорғау саласындағы тәсілдерді одан әрі жүйелі жаңарту қажеттігіне тоқталды. Себебі еңбек қауіпсіздігі жазатайым жағдайлармен ғана шектеліп отырған жоқ.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- 15 976 азамат кәсіптік еңбек ету қабілетінен айрылған. Оның ішінде кәсіптік аурулар бойынша – 8 204 және өндірістік жарақаттар бойынша – 7  771 адам.

 Ал Төтенше жағдайлар министрлігі мыңдаған адамдар еңбек етіп жатқан елдегі кәсіпорындардың өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздігіне алаң. Жыл басынан бері 16 мыңға жуық нысан тексеріліп, жүз бес мыңнан аса бұзушылық анықталыпты. Оның 95 мыңы өрт қауіпсіздігі  талаптарына сай келмейді. Олқылықтарға жол берген 7,5 мыңнан астам нысанның жұмысы тоқтатылған. Қауіпті өндіріс орындарында да жазатайым жайттар жетерлік.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Ағымдағы жылғы қаңтар мен мамыр аралығында мұнай-химия  және тау-кен саласында 11 авария, сондай-ақ қазандық және газ шаруашылығы, өсімдік шикізатын өңдеу объектілерінде 60-тан астам оқиға тіркелді. 22 жұмысшы жарақат алып, 15 адам өкінішке орай қайтыс болды. 

Қайтпек керек? Еңбек министрлігі 10 бағытты қамтитын жоспарлы жұмысты қолға алыпты. Ол цифрлық технологиялар, бюрократиялық кедергілер мен жөнсіз тексерулерді шектеу, кәсіподақ институтын күшейту, зиянды өндірісте істейтіндер мен жапа шеккедерді жүйелі түрде қолдау және т.б шаралар кешенін қамтиды. Төтеншеліктер де өз тарапынан амалдауда.

Құзырлы орындар қарекет жасап әлек, обалы нешік, оқыс оқиғалар азаймай тұр. Күні кеше елордалықтарды елең еткізген автобус оқиғасының жаңғырығы басылған жоқ. 8 жастағы бүлдіршін қыз екі бірдей аяғынан айырылды.

Елдің бас Еңбек инспекторының мәлімдеуінше, жүйелі мәселелер қоғамдық тасымал саласында да бар.

Ерболат Әбілхатин, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы:

- Қоғамдық көлікте адамды тасу мәселесі қауіпті еңбек жағдайға жатады. Осыған байланысты Астана қаласының еңбек мониторингінде әрбір автобус паркі қазір бақылауда тұр. Жалақы беру мәселесінде және мына жұмыстың істеу уақыты бойынша шағымдар болғанын айта аламыз. Көбінесе осы еңбек қауіпсіздігіне әкелетіні жүргізушілердің тапшылығы.

Премьер-министр Олжас Бектенов өндірістегі жазатайым жайттарды жасыруға жол бермеу қажеттігін шегелеп, 1 қарашаға дейін оған тосқауыл қоятын заңнамалық өзгеріс әзірлеуді Еңбек министрлігіне тапсырды. Ал өнеркәсіп ведомствосы құрылыс пен өндіріс секторында еңбек қауіпсіздігі жабдықтарымен жарақталуын қадағалауға мідеттелсе, төтеншеліктер елдегі кәсіпорын атаулының еңбек қауіпсіздігі талаптарын түгел тексеріп шығуы тиіс. 

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков