Атырау облысында 9 адамды қарақұрт шағып, ауруханаға ауыр халде түсті. Оның үшеуі бірден жансақтау бөлімшесіне жатқызылды.
Қазір тиісті ем-домын алған 7 адам үйлеріне шықты, 2 науқас әлі де дәрігерлердің бақылауында. Күн ысығалы зиянкес жәндік малға да қауіп төндіруде. Жыл басынан бері қарақұрт 159 малды шақса, оның 6-уы өлген.
Еске салсақ, қарақұрт былтыр да қаптап кеткен болатын. Өткен жылы 13 адам улы жәндіктен зардап шегіп, 40 шақты мал қырылған еді. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарға қарақұрт шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керегін ескертеді.
Бауыржан Рахметов, облыстық аурухананың дәрігер-токсикологы:
- Ине кіргендей болып шымыр ете түседі. Содан соң 5-10 минуттан кейін адамның өзіне белгілі бола бастайды. Бел омыртқаның тұсы ауырады, аурудың күші көбейе бастайды. Қаратерге түседі, жүрегі қысылады. Әркімнің өзінің қандай хроникалық аурулары бар, солар қозады. Дем алысы қиындайды, сол кезде тезірек ауруханаға жеткені дұрыс.