Алматыда 6 микрокредиттік ұйым заңға қайшы жұмыс істеген

  • 42
  • 17.06.2025, 18:42

Алматыда алты бірдей микрокредиттік ұйым заңға қайшы жұмыс істеген. Салдарынан үш жылдың ішінде 300 мыңнан аса адам зардап шеккен.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандарының айтуынша, шығын шамамен 43 миллиард теңгені құрайды. Олар біртұтас құрылым болып жұмыс істеген. Ұйымның кеңсесі, 200-ден астам қызметкері және шетелдік кураторлары болған. Төлемді кешіктірген азаматтарды еншілес компаниялары арқылы кепілдік шарттарын жасауға мәжбүрлеген. Бұл қызметін «сақтандыру» деп атаған. Мұндай жүйе заңға сәйкес, қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана қолданылады. Нәтижесінде қарыз алған адамдар 5 есе артық төлеген. Сот азаматтардың 130 кепілдік шарты бойынша талап-арыздарын қанағаттандырды. Енді микрокредиттік ұйым алған қаражатты қайтаруға міндетті.

Сабырғали Балғалиев, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары:

- Мысалы, 120 000 теңге көлемінде қарыз алған бір адам негізгі қарыз бен пайызды есептемегенде 446 000 теңге көлемінде кепіл төлеген. Нәтижесінде 320 000-нан астам азамат зардап шегіп, келтірілген залал шығын көлемі 42 млрд теңгені құрады. 43 млрд сомасындағы күдікті тұлғалардың мүлкі және компаниялардың есеп портфеліне тыйым салынды.