Павлодар облысында дауылдан кейін электр желілері қалпына келтіріліп жатыр. Қазір13 елді мекенге электр қуаты берілді. Облыста секундына 43 метр жылдамдықта қатты жел соқты. Дауылдан Ақсу қаласында 1968 жылы туған әйел адам қаза тапты. Ол жеңіл көліктің ішінде болған. Құлаған ағаштың бұтағы марқұмның кеуде тұсына кіріп кеткен. Жедел құтқару қызметінің мәліметінше, 18 адам түрлі жарақат алған. Үшеуі бала.
Сондай-ақ инфрақұрым нысандары бүлініп, қалалар мен елді мекендер электр жарығынан ажырап қалды. Павлодарда 47 нысан, оның ішінде алты әлеуметтік мекеменің шатыры ұшып кеткен. Ал екі ауданда ауа райының тосын мінезінен болған шығын анықталып жатыр. Ақсу қаласының ауылдық аймағымен Баянауыл ауданында электр желілері үзілген. Облыс бойынша қалпына келтіру жұмысына 300 адам, 100 техника жұмылдырылды. Өңірде барлық жедел әрекет ету қызметі күшейтілген жұмыс кестесіне көшті.
Асқарбек Омаров, Төтенше жағдайлар департаментінің орталық басшысы:
- Әсіресе Баянауыл ауданындағы жағдай қиын болып тұр. Жоғары керенулі электр желісіне зақым келген. Кей жерлер де сым үзілсе тағы бірінде бағаналар сынған. Қазір оларды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жалпы алғанда 37 елді мекен жарықсыз отыр. Генераторларды қосу арқылы тұрғындарға ауызсу берілуде.