Павлодарда балабақша тәрбиешісі сәбилерді ұрып-соққан

  • 46
  • 24.06.2025, 18:35

Павлодарда балабақша тәрбиешісінің сәбилерге жасаған қатыгез әрекеті қоғамды дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада тәрбиешінің балаларды ұрып-соққаны, шашын жұлып, итергені анық көрінеді.

Бұл жағдай қаладағы №116 балабақшада болған. Жантүршігерлік кадрларды көрген ата-аналар бейнематериалды дереу әлеуметтік желілерде жариялап, жауаптыларды жазалауды талап етіп отыр. Әзірге он бес баланың ата-анасынан шағым түсті. Қазір аталған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер тек тәрбиешінің емес, балабақша басшылығының да іс-әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Бұл жағдай Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілінің жеке бақылауына алынды. Мамандар балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қолға алынатынын жеткізді. 

Сәуле Шәкенева, Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Сот-медициналық сараптамадан өту үшін барлық бүлдіршіндерге жолдама берілді. Сараптама толық жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар балабақшадағы бейнебақылау жүйесіндегі жазбалар тәркіленді. Мұндай материалдар жүйеде 30 күнге дейін сақталады. Ондағы деректерді жіті зерттеп, барлық мән-жайды анықтаймыз. Қазіргі уақытта зардап шеккен балалардың нақты саны белгісіз. Алайда тергеу барысында олардың қатары артуы мүмкін деген болжам бар.

Хава Баукоева, зардап шеккен баланың туысы:  

- Ең бастысы, біз баламызды алақанымызға салып, аялап өсіріп отырмыз. Ал тәрбиеші оны ұрып-соғады. Шашын жұлған, денесінде көгерген іздер бар. Өліп қалса не болар еді? Қазір баламыздың бойын үрей билеп алған. Ұйқысыздық басталды. Психологиялық соққы алды. Оған нақты дәлелдер бар. Мұндай бассыздықты қалай түсінуге болады? Білмеймін.