Қостанайлық полицей өртенген пәтерден қарт адамды құтқарды

  • 31
  • 24.06.2025, 18:38

Қостанай қаласының полиция қызметкері Ерлік Сұрағанов басын қатерге тігіп, өртеніп жатқан пәтерден қарт кісіні алып шыққан. Сол сын сәтте көрсеткен батылдығы ескеріліп, Президент өз қолымен оның кеудесіне «Ерлігі үшін» медалін тақты. Болмысынан қарапайым жігіт өзін ерлік жасадым деп санамайды. Бұл қызметтік міндетім, азаматтық борышым деп біледі.

Сол күні патрульдік полицияның аға инспекторы Ерлік Сұрағанов кезекті ауысымға шыққан. Таңғы сағат 3-4 шамасында бірге істейтін әріптесі телефон шалып, тұрып жатқан үйінде түтін иісі барын айтып, сол маңайды қарап шығуды өтініпті. Мекенжайға келгенде, бесқабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерден түтін шығып жатқандығын байқайды. Қасындағы серігін тұрғындарды оятуға жіберіп, өзі жанып жатқан  пәтерге ұмтылған.

Ерлік Сұрағанов, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

- Есікті аштым, ауаның кірген себебінен от одан қатты жана бастады. Ана кісінің «көмектесіңіз» деген айғайы жүрегіме батып, ойымда тек қана сол кісінің өмірін алып қалу тұрды. Сондықтан үйге кіріп, еңбектеп іздедім де, сол кісіні таппай, шықсам, балконда отыр екен. Сосын сол жерде мата тауып алдым да, сол матамен үстін жауып, әлгі кісіні көтеріп, абырой болғанда аман-сау екеуміз де пәтерден шықтық.

Осы оқиғадан кейін Ерлік Сұрағанов Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Ол әріптестері арасында да сый-құрметке ие.

Медет Қойшығұлов, патрульдік полиция батальонының  взвод командирі:

- Өзінің жұмысына бекем. Осы әрдайым адамдарға жаны ашып, көмектесіп жүретін әріптесімінің бірі ғой. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Тәртібі өте жақсы. Мығым жігіттердің бірі десе болады. Өз жұмысын тиянақты жасайды.

Ерлік Сұрағановтың полиция сапында жүргеніне он жылға жуықтапты. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Өнерден де құр алақан емес. Мерекелі іс-шараларда өлең оқып, ән айтады. «Өмірде де, қызметте де қарапайымдылық, адалдық, жауапкершілік деген үш қағидатқа арқа сүйеймін», - дейді бейбіт күннің батыры. 

Ерлік Сұрағанов, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

- Ең бастысы – адамгершілік, біреудің жан айқайына немқұрайлы қарамау, өз жұмысына және еліне адал болу. Ең маңыздысы – адам өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігеріңді салу, осындай қасиеттер адам бойында болуы керек.

Ерлік Сұрағанов отбасында адал жар, қамқор әке. Бос уақытын кішкентайы Әлішермен бірге ойын алаңында өткізгенді жақсы көреді.

Мағауия Қалиев. Ермек Мұхамедияров