Ақмола облысында 5 адамның сібір жарасын жұқтырғаны анықталды. Дене қызуы көтеріліп, денелерін жара басқан азаматтар бірден облыс орталығындағы инфекциялық ауруханаға жеткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір науқастардың жағдайы қалыпты. Қатерлі індет Атбасар ауданына қарасты Шұңқыркөл ауылдық округінде тіркелді. Тиісті сала мамандары ауылдағы малдардан 9 сынама алған. Оның үшеуі зертханалық тұрғыда расталды. Әзірге ауыл карантинге жабылған жоқ. Себебі зертханалық зерттеулердің нәтижелері әлі дайын емес. Ошақ аумағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.