Қостанай облысының Алтынсарин ауданындағы бір шаруашылықтың малы құтырма ауырына шалдыққан. Ірі қараның қауіпті індет жұқтырғаны зертханалық тексеріс нәтижесінде анықталды. Қазір аталған ферма басында республикалық эпизоотикаға қарсы отряд жұмыс істеп жатыр. Кіріп-шығуға шектеу енгізіліп, барлық мал тексеріліп, екпе салынады.
Мамандардың айтуынша, әзірге басқа малдан ауру белгілері байқала қоймаған. Биыл облыста құтырма екінші рет тіркеліп отыр. Біріншісінде мысықтан анықталып, одан адамға жұққан еді. «Негізгі таратушы жабайы аңдар», - дейді ветеринарлар.
Төлеген Иманбаев, Қостанай облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
- 229 қара малдың ішінде бір ғана қара малдан ауру шықты. Барлығы вакцина салынып жатыр. Уақытында істелініп жатыр. 184 мың вакцина бізге түсті. Қазіргі кезде 50 пайыз істелінді. Осы ошаққа РПУ жұмыскерлері кіріп, жұмысты бастайын деп жатыр.