Қапшағайда биыл 6 адам суға кетті

  • 78
  • 09.07.2025, 18:37

Қапшағайда демалушылардың суға бату дерегі азаймай тұр.

Биылғы шомылу маусымы кезінде онда 6 адамның ажалы судан болды. Соның екеуі бала. Қазір қалалық жағажайларға бейнебақылау қондырғыларын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Олар жасанды интеллект арқылы басқарылады. Бейнеқұрылғылар облыстық Төтенше жағдайлар демартаментінің жедел әрекет ету желісіне тікелей қосылған. Алайда жекеменшік демалыс орындары заманға сай бейнекамералар орнатып, құтқарушыларды жұмысқа алуға асығар емес. 

«Заң мен тәртіпке бағынбау салдарынан жақында тағы бір әйел суға батып кетті. Бұл оқиғаға Мәжіліс депутаты да куә болды. Біз жекеменшік демалыс орындарының қожайындарын заңға бағынуға шақырамыз. Ал тұрғындардан суға түсу ережесін қатаң сақтауды сұраймыз», - деді заң мен тәртіп үстемдігіне арналған жиынға қатысушылар. 

Назым Сабазқызы, қала тұрғыны:

- Жекеменшік пляжда бір әйел суға кеткен. Ол кезде оны құтқарып алатын құтқарушылар, медициналық көмек болмаған. Ол енді заңға, тәртіпке бағынбаудың салдары деп білемін. Жекеменшік болса да ол жерді пайдаланып отыр. Ол барлық заңның тәртіптерін білуі керек. Мемлекеттікте бәрін істейді, бағынады екен, ал жекеменшіктер неге бағынбайды? Неге оларда барлық тәртіп сақталмайды?

Жеңіс Төребеков, Қонаев қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы: 

- «Алтын алма» жағажайында орын алған жағдай бойынша айта кететін болсақ, бүгінгі күні Қонаев қалалық полиция басқармасы тарапынан қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімдігі тарапынан жұмыс тобы құрылып, мониторинг жұмыстарын жүргізуді бастады. Бесінші, алтыншы жағажайға қала әкімдігі тарапынан камералар орнатылды.