«Біз біргеміз» қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Прокурорлар айыптау актін оқыды. Тергеу материалдарына сәйкес олар 3 жыл бойы халық пен заңды тұлғалардан қайырымдылық ретінде жиналған қаражатты жеке мақсаттарына жұмсаған. Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 2 миллиард 860 миллион теңгені, Газа халқына арналған 566 миллион теңгені, фестивальдер мен форумдарға жиналған 105 миллион теңге мен балаларға арналған оңалту орталығына бағытталған 21 миллион теңгені мақсатсыз жұмсаған. Бұл қаржыны олар 7 пәтерге, 3 автокөлік пен құны 150 миллион теңгеден асатын бренд бұйымдарына, гүл бизнесі, 17 шетелдік сапар мен өзге де шығындарына жұмсаған.
Айыптау тарабы Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның 1 млрд теңгеден астам қаражатты заңды айналымға енгізіп, мүліктің бір бөлігін туыстары мен жалған тұлғалардың атына рәсімдегенін алға тартады. Алайда айыпталушылар өзіне тағылған айыппен келіспей отыр.