Қарағанды облысында зейнеткер алаяқтардың кесірінен үйсіз қала жаздады

  • 54
  • 14.07.2025, 18:33

Қарағанды облысының Саран қаласында тұратын зейнеткер алаяқтар кесірінен үйсіз қала жаздады. Абырой болғанда риэлтордың ықтияттылығының арқасында киберқылмыскердің арбауынан аман қалды. Ол полицияға хабарласып, пәтер сату жөніндегі күмәнді келісімді дер кезінде тоқтатқан.

Интернет алаяқтар зейнеткерге хабарласып, оның шотына қомақты ақша аударылғанын хабарлаған. Қаражатты сақтау үшін пәтерін шұғыл сату керектігін айтқан. Кейін пәтер қайта атына түседі деген.

Татьяна Иванова, Саран қаласының тұрғыны:

- Мен шынымен сеніп қалдым. Өте сауатты сөйлеп, барлығын түсіндіргендей  болды. Адамның сеніміне кірудің психологиялық жолын әбден меңгерген.  Үйдің құжаты дұрыс па деп сұрады. «Сосын нотариусқа барып келсімшарт жасаймыз, ақшасын кейін аласыз», - деді.

Алаяқтардың айтуымен зейнеткер риелтор іздейді. Бағына қарай Айнұр Иламбековаға жолыққан. Ол көмекке жүгінушінің көңілінде қобалжу барын бірден байқапты. Зейнеткер  пәтерді сату жөніндегі шартты  жасауға асығып, оның себебін түсіндірмеген. Ең бастысы, ақшасын алудан бас тартқан.

Айнұр Иламбекова, риэлтор:

- Біз адамдарға пәтерін оңтайлы, жақсы бағаға сатуға көмектесеміз. Зейнеткердің түсініксіз әрекетін, көңілінде қобалжу барын байқап полицияға хабарластым. Полиция келіп, зейнеткер интернет алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын анықтап, пәтер сату жөніндегі келісімді дер кезінде тоқтаттық.

Полиция қызметкерлері зейнеткердің шетелде тұратын қызына хабарласқан. Сөйтіп екі жақтап бұл алаяқтың әрекеті екенін түсіндірген. Қазір Татьяна Иванова  үйінде тұрып жатыр. Тәртіп сақшылары: «Бұл киберқылмыскерлердің қаптаған құйтырқы жоспарының бірі», - дейді. Олар  жылжымайтын мүлік бойынша жұмыс істейтін мамандармен үнемі профилактикалық шаралар жүргізіп тұрады.

Дінмұхамед Зияда, ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Риелторлық агенттіктермен, нотариустармен түсіндірме жұмыстарын жүргізілді. Егер тұрғындар келіп қандайда бір алып-сату шарттарын жасап жатса, егер біреумен қоңырау арқылы сөйлесіп жатса, немесе өздерін психологиялық тұрғыда қобалжумен ұстайтын болса міндетті түрде полицияға хабарлауын түсіндірдік. Мінекей сол оң нәтиже беріп отыр. 

Жыл басынан бері Саран қаласында 20 интернет-алаяқтық  іс тіркелген. Олардың арбауына түскендерге 38 миллион теңге шығын келген. Ал облыс бойынша 1205 киберқылмыс тіркеліп, соның 145 ашылған. Жәбірленушілерге жалпы соммасы 1 миллиард теңгеден астам шығын келген. Тіпті бір іс бойынша  жәбірленушіні 64 миллион теңгеге сан соқтырған.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит