Алматыдағы Орталық музейде «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесі ашылды

  • 9
  • 20.11.2025, 19:49

Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесі ашылды. Әдебиеттегі шоғыры биік ақын-жазушылардың мерейтойларына арналған шара биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. 

Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Ілияс Есенберлин, Жұбан Молдағалиев, Адам Мекебаев пен Мұқтар Мағауиннің мерейтойына орай көрме ұйымдастырылды. Онда қаламгерлердің ұстаған заттары, өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей жеке мұрағат материалдары, фото-құжаттары, хаттары, еңбектері қойылды.

Үміт Әшімова, ҚР Ұлттық орталық музейінің бас қор сақтаушысы:

- 1975 жылы Жұбан Молдағалиев өзінің қолымен музейге бірнеше заттарын тапсырған. Соның ішінде орталық музейге сый тарту деп қолтаңба қойған домбырасы бар. Сол сияқты өзінің жазу үстеліндегі құралдары осы көрменің негізгі экспонаттарына айналып отыр. 

Жәдігерлер қатарында Сәбит Мұқановтың музей-үйінен әкелінген кинокамерасы, күмістен жасалған жазу құралы жиынтығы көз тартады. Ал ірі суреткер Мұқтар Мағауин өзі аманаттаған қамшы коллекциясы бірегей жәдігерлер қатарында. 

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Түркі әлемін, соның ішінде ежелгі түркі мұраларын шығармашылығына арқау еткен тұлға Мұқтар Мағауин этнографиялық заттарға ерекше құрметпен қараған. Мәселен, қамшы жинау жазушының сүйікті істерінің бірі болған. Бүгінгі көрмеге қойылған мына 13 қамшыны жазушы көзі тірісінде өзі орталық музейге тапсырған екен. Қазір музей зерттеушілері қамшылардың өрімі, сабы, аймақтық ерекшеліктерін зерделеу үстінде.

Ұлттық орталық музейдің қорында 300 мыңға тарта эскпонат бар. Алты тұрақты зал жұмыс істейді. «Ал уақытша көрмелер танымал тұлғаларды насихаттауға жол ашады», - дейді музей қызметкерлері. Көрменің ашылу салтанатына қаламгерлердің ұрпақтары, оқырмандары қатысты. 

Бек Мекебаев, Адам Мекебаевтың ұлы:

- Біз үшін әкеміз тек қана жазушы емес, әкеміз ретінде оның ақылы, бізге берген тәрбиесі, өмірде көрсеткен өзінің қалай өмір сүргені бізге тәлім тәрбие болып қалды. Ал шығармашылық жағынан айтқан кезде өмір бойы шығармашылыққа мән беріп өмір сүрген ол кісі.

Әртүрлі мерейтойлары қатар келген тұлғалар әдебиеттің түрлі жанрына қалам тартқанмен оларды біріктіретін ортақ дүние бар. Ол шығармаларындағы Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық рух, дәстүрге құрмет. Мазмұны бай жүзге тарта экспонатты жинақтаған көрме екі аптаға ұласады.

Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов