Алматылық дәрігерлер автокран мен автобус соқтығысынан зардап шеккен адамдардың жағдайы туралы хабарлады.
Алматыда болған жол апатынан 23 адам жарақат алған еді. Көпшілігі жолаушы. Олардың төртеуі жеткіншек.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының хабарлауынша, балалар ауруханаға жеткізілген. Медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек көрсетілген соң олардың барлығы амбулаторлық ем алуға үйлеріне қайтарылған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы орташа ауыр және қанағаттанарлық.
Айта кетейік, Боралдай тасжолында автокран жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолаушылар автобусы мен бірнеше жеңіл автокөлікке соғылған. Қазір әр зардап шеккен адамның дене жарақаттарының ауырлық деңгейін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Салтанат Әзірбек, ПД ресми өкілі:
- Егер сот сараптамасы ауыр немесе орта дәрежедегі дене жарақаттарын анықтайтын болса, онда қылмыстық іс қозғалады. Егер дене жарақаттары жеңіл болып табылса, бұл іс әкімшілік заңнама тұрғысында қарастырылатын болады