Алматының орталық ауданында газ құбыры жарылды

  • 121
  • 16.07.2025, 18:33

Алматыда Бұқар жырау мен Байзақов көшесінің қиылысында газ құбыры жарылып, көлік жүргізушісі мен жанындағы жолаушы жарақат алды.

Аталған аумақта мердігер ұйым жаңадан салынған газ құбырының беріктігін тексеру үшін сынақ жұмыстарын жүргізіп жатқан. Құбыр жоғары қысымға шыдас бермей, жарылған. Ауа қысымының қатты болғаны соншалық, жолда кетіп бара жатқан көлік аударылып, асфальт қопарылып, тал құлаған. Жарылыс болған аумақ қоршауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ал жарақат алғандар Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.

Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы тұрақты, амбулаториялық ем тағайындалды.

Екатерина Железина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мердігерлер газ құбырын ауыстыру кезінде жауын-шашынға арналған арықты, жылу жүйесін бұзған. Енді мына жарылыстан соң тіпті қорқып отырмыз. Газ беруді тоқтатпады, бірақ өз қауіпсіздігіміз үшін крандарды жауып тастадық. 

Айбек Қасымов, «Qazaqgaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының Өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:

- Бұл құбыр пайдалануға берілмеген және газ жүйесіне қосылмаған. Сондықтан тұтынушылардың газы өшірілген жоқ. Әдетте талап бойынша жаңа салынған газ құбырының бүтін екеніне көз жеткізіп, беріктігін тексереміз. Ауа үрлеу арқылы сынақтан өткізіледі. Жоғары қысымның салдарынан ауа қоспасы сыртқа шыққан.