Атырау облысында түйе қырылып жатыр

  • 62
  • 17.07.2025, 18:39

Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты бірнеше ауылда белгісіз індеттен түйелер қырылып жатыр. Бірақ әлі күнге дейін неден екені белгісіз. Жауаптылардың сөзінше, маусым айынан бері 200-ден аса түйе ауырып, оның 84-і арам өлген. 

Құрманғазы ауданындағы Дыңғызыл, Еңбекші, Мақаш ауылдарында ахуал күрделі. Әр үйден 6-7 бас түйе мен бота өлген. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай былтыр да анықталған. Бірақ дәл мұндай шығын келмеген. Қазір жергілікті әкімдік пен ветеринариялық қызмет мамандары өлген малды талапқа сай жойып жатыр.

Фазиля Қабдолова, Дыңғызыл ауылының тұрғыны:

- Менің өзімнен қазір 5 аналық түйе, 2 бота өлді. Дәрігерлер көмегін жасамай жатқан жоқ, дәрігерлер қолындағы бар көмегін жасады. Біз тек сол малмен күн көріп отырмыз. Біздің ауылдың тыныс тіршілігі – тек  мал.

 Өтеген Үбішев, Дыңғызыл ауылының тұрғыны:

- Нақты диагнозын тауып, бір халыққа деген көмегін көрсетсе деген жоғарғы басшылықтардан өтінішіміз бар. Осы мәселе көбіне айтатын. 

Мамандар сынама алып, зертханаға жіберген. Бірақ ұлттық референттік ветеринариялық орталық қоздырғаштардың жоғын анықтаған. Аурудың қайдан шыққаны әлі белгісі.

Ықылас Азаматов, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ветеринария бөлімінің бас маманы:

- Облыс әкімдігі тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне ұсыныс хат жолданып, осы аурудың нақты неден пайда болғанын анықтау мақсатында арнайы мамандарды жібертуін сұрадық. Сол бойынша қазір хабар күтілуде. 

Қазір 47 түйе емделіп жатыр. Тұрғындар әлі алаңдаулы. Дереу шара қабылданбаса, қалған малдан айырыламыз ба деп қорқады. «Қазір жылқы арасында да ауру шығып жатыр», - дейді тұрғындар.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин