Биыл қаңтар-маусым айларында 6,4 тонна есірткі тәркіленді. 17 мыңнан астам есірткі сататын сайт бұғатталып, 474 қылмыскер қолға түсті. Олардың арасында 28 Telegram канал әкімшісі бар. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды. Елімізде есірткіге тәуелділігі бар 17 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. Соңғы бес жылда опиоидқа елтігендер саны 1,5 есе азайған. Алайда синтетикалық стимулятор мен есірткіні аралас қолдануға тәуелді пациенттер көбейген.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Сондықтан да мемлекеттік органдар, соның ішінде құқыққорғау органдары Мемлекет басшысының осы нұсқауы сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуі міндетті.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов құзырлы министрлікке есірткі сайттары мен есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарын бұғаттау мәселелерін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ нашақорлықты тудыратын препараттарды бақылауды күшейту қажеттігін айтты.