Шерзат Полаттың ісі бойынша сотталғандардың бірі босатылды

  • 68
  • 25.07.2025, 18:44

Шерзат Полаттың ісі бойынша сотталғандардың бірі Думан Ысқақ босатылды. Бұл туралы адвокаты мәлімдеді. Мейірман Шекеевтің айтуынша, Ысқақ 1,5 жылға сотталған. Ал тергеу изоляторында өткізілген бір күн екі күнге саналатындықтан, сотталған жасөспірім жазасын өтеп шыққан боп есептеледі. Адвокат сондай-ақ Қаржаубай Нұрымовтың отбасы бұл шешімге қарсы емес екенін де атап өтті.

Ал жалпы мерзімінен бұрын бостандыққа шыққандарды пробация қызметі бақылайды. 2024 жылдан бері пробацияда жүрген азаматтардың жүріс-тұрысын арнайы браслеттермен қадағалай бастады. 

Ата Заңның 30 жылдығына орай 15 сотталған рақымшылыққа ілінеді. Оның екі мыңдайы мерзімінен бұрын босатылады. Соттың оң шешімін алғандар бостандыққа шығып та жатыр. Мерзімінен бұрын теміртордан шыққандарды бақылап, қадағалау пробация қызметінің жұмысы. Қазіргі таңда пробацияда 27 мыңнан астам сотталған жүр. Пробация қызметі оларға жұмыс тауып беріп, теріс қылығын тыйып, заң мен тәртіпке бағынуға тәрбиелейді.

Анар Уменова, Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД ПҚББ бастығы: 

-Оларды жұмысқа тұрғызып, әлеуметтік-құқықтық көмек береміз. Біз оларға тұрғылықты жерден шығып кетпе, түнгі оннан кейін қыдырма, спирттік ішімдік ішпе деп шегелеп айтамыз.

Қылмыстық атқару жүйесі 2024 жылдан бері пробацияда жүрген азаматтардың жүріс-тұрысын арнайы браслеттер арқылы бақылауға көшті. Бүгінде ондай 2500 браслет бар. 

Күні кеше соның бірін Дениске тақты. Ол 17 жасында 99 баппен 11 жылға сотталған. Қазір жасы 25- те. Қарағанды облысындағы түрмеде жазасын өтеген ол қалған 3 жыл алты ай 24 күнді енді бостандықта өткізеді. 

Денис:

-Міне аяғыма браслет тағып берді. Бәрі жақсы, тек сағат оннан кейін үйде болуым керек. Өкініштісі сол, шетелге шыға алмаймын.

Қарағанды, Ұлытау облыстары бойынша пробацияда 3500 сотталған жүр. Дені ұрлық, тонау, зорлау, алаяқтық бабымен сотталып, мерзімінен бұрын теміртордан шыққандар. Олардың 150-іне браслет тағылған.  Өкінштісі сол 30 сотталған браслетті бұзып тастаған.

Айгерім Мұратбекова, Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД ПҚББ инспекторы: 

-Өткен жылда сотталған тұлға тұрғылықты мекенжайда электронды құралды қасақана, пышақпен кесіп алған, тұрғылықты мекенжайды тастап кетіп, ойын-сауық орталығында болған. 

Пробация қызметінің талабына көнбей, 2-3 рет ескерту алған азаматтың ісі сотқа жолданып, қайта қамауға алынады. Сөйтіп биыл заң мен тәртіпке бағынбаған, берілген мүмкіндікті бағаламаған 50 адам қайта темірторға жабылған. Айтпақшы қоғамды дүр сілкіндірген Шерзат ісіне қатысы бар бір сотталушы оқиға кезінде пробацияда жүрген-ді.

Еркін Нұрахметов, ІІМ ҚАЖК Пробация қызметіне басшылық ету басқармасының бастығы, Әділет полковнигі: 

- Біздің пробацияда тұрған бір азамат қана болды. Өкінішке қарай оған браслет тағылған жоқ. 2500 браслет барлығына жетпеген соң тағылған жоқ.

Пробация қызметі сүрінген тағдырларға мүмкіндік береміз дейді. Өкініштісі сол, көбі, сол жақсылықтың бағасын білмейді, бағаламайды. 

Мақпал Мадиярова, Қали Несіпбаев