Бірбеткей мінезінің, арманына адалдығының нәтижесінде Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшты. Қазақтың көк туын, Құранды, Ата заңымызды аспанға жеткізді. Аспаннан Абайдың әнімен сәлем жолдады.
Ғарышта ол еліміздің егістікке арналған жер телімдерін қашықтан бақылап, зерделеді. Сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар жасушасының ғарышта қалай өмір сүретінін, қайтіп өзгеретінін зерттеді. «Дастархан» деп аталатын бағдарлама аясында Қазақ тағамтану институты даярлаған тағамдарға сынақ жүргізді.
Мейірбек Молдабеков, техника ғылымдарының докторы, профессор:
- Ол үш рет ұшты. Бір рет борт инженері болып ұшты, екі рет кеме командирі болып ұшты. Ондай ғарышкерлер арасында жоқ. Оған негіз болған оның инженерлік білімі. Терең білімі...
Ол өзі таңдаған саланы жақсы көрді. Болашағына алаңдады.
Ғарыштың саласының проблемасын сан мәрте Парламент қабырғасында да көтерді. Ұлттық ғарыш агенттігін басқарған жылдары ғарыш саласына қажет мамандардың шетелде тәжірибеден өтіп, білім алуына мұрындық болды.
Ғұмырын ғарышқа арнаған Талғат Мұсабаев қатал әрі талапшыл басшы еді. Бірақ жұмыстан тыс әзілқой, көңілді, жайдары азамат болатын деп еске алады әріптестері.
Жер бетінде жұмылмайтын көз жоқ. Халық қаһарманы, авиация генералы, тұңғиық аспанда 342 тәулік болған аңыз адам, әлемнің 309-шы ғарышкері Талғат Мұсабаевтың жаны ғарышқа мәңгіге ұшып кетті. Енді оның жүрісі, сөзі, күлкісі естелік қана.