Ақмола облысында жол апаты жиілеп кетті

  • 13
  • 06.08.2025, 18:44

Ақмола облысында жол апаты жиілеп кетті. Мәселен, тек шілде айының өзінде 114 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 190 адам жарақаттанса, 16 кісі ажал құшты. Жол апаттары көбіне көлік тізгіндегендердің қарапайым ережелерді сақтамауынан болып отыр. 

Бұл АстанаКөкшетау бағытындағы тас жол. Теп-тегіс тақтайдай жолда жол көлік оқиғасы жиі тіркеледі. Мәселен, бірер күн бұрын дәл осы жолда екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан 4 адам ажал құшты. Оның үшеуі бір отбасынан. Қазір тәртіп сақшылары қауіпсіздік шараларын барынша күшейтіп жатыр. 

Республикалық маңыздағы тасжолдарға бейнебақылау камералары орнатылған. Бірақ жылдымдықты асыратын жүргізуші азаймай тұр. «Қос қаланың арасында адам тасымалдайтын такси жүргізушілері жолда жүйткіп, тәртіпке бағынбайды»,– дейді инспекторлар. Өкінішке қарай арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. 

Бекболат Құсметов, Патрульдік полиция батальонының командирі:

-Жазғы уақытта біздің өңірге туристер өте көп келетіні жасырын емес. Олардың дені заңсыз тасымалмен айналысатын такси жүргізушілерінің көмегіне жүгінеді. Ал ол жүргізушілерге қатысты сын көп. Мәселен, олар демалмайды, жол бойы телефонға алданады. Салдарынан осындай жол апаттары тіркеледі. 

Жалпы өңірдегі автомобиль жолдарының ұзындығы 18 мың шақырымнан асады. Оның екі мыңға жуығы халықаралық және республикалық маңыздағы тас жол. Барлық жолдар жылына екі рет тексерістен өтеді. Биылдың өзінде     мыңнан астам тексеріс жүргізіліп, бірқатар жолдың талапқа сәйкес еместігі анықталған. 

Ержан Қошқарбаев, облыстық ПД басқармасының бастығы:

- Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 1737 тексеру жүргізілді. Жолдарды тиісті деңгейді кұтіп ұстамаған 184 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нұсқамаларды орындамаған 12 лауызымды тұлға айыппұл арқалады. 
Жыл басынан бері өңірде 583 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3% өскен. 

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный