Астанада вейптер мен оларға арналған сұйықтықтар сақталған 5 қойма анықталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Осылайша тыйым салынған тауарды сатумен айналысқан ірі көтерме желінің қызметі тоқтатылды. Күдіктілер хош иістендіргіштерді Қазақстанның барлық өңіріне Telegram мессенджері және курьерлік жеткізу арқылы таратқан. Соттың санкциясымен пайдаланылған автокөліктерге тыйым салынып, тінту барысында 490 мыңнан астам вейп тәркіленген. Алдын ала бағалау бойынша олардың сатылымынан түсетін кіріс 6 млрд теңгеден асуы мүмкін.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру схемасын ұйымдастырған. Олар ірі сомаларды қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық жолмен келген ақшаның ізін жасыру мақсатында банктік карталар өз атына рәсімделген адамдарды, яғни дроперлерді пайдаланған. Бизнестің ұйымдастырушыларына іздеу жарияланып, олар қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасымен іздестірілуде.