Алматыдағы Түрксіб аудандық сотында Bek Air әуе компаниясының қаза тапқан ұшқыштары Марат Мұратбаев пен Мейіржан Молдақұловқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Олар 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы әуежайының маңында апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағын басқарған болатын. Әуе апатынан 12 адам қайтыс болған еді. Бұл сот ісінің ерекшелігі айыпталушылар қайтыс болған. Олардың мүддесін адвокат Бейбіт Кендірбаев қорғауда. Оған мемлекеттік айыптаушы қарсы уәж келтіруде. Тараптар алты жыл бұрынғы қайғылы оқиғаға не себеп болғанын және кім кінәлі екенін анықтауға тырысып жатыр. Бүгін сотта әуежай қызметкерлерінен жауап алынды. Олар мұзға қарсы сұйықтықтың ұшақтың қай бөлігіне және қанша мөлшерде шашылғанын айтып берді. Алдыңғы сот отырыстарында сарапшылардың қорытындылары тыңдалған еді. Мамандар ұшақ қанаттарына мұз қатқанын, алайда техниканың тек артқы бөлігі ғана химиялық затпен өңделгенін мәлімдеді. Айыптаушылардың пікірінше, толыққанды мұздан қорғаудың жүргізілмеуіне Bek Air компаниясының үнемдеуге бағытталған ішкі нұсқаулықтары себеп болған.