Шерзат Полаттың өліміне қатысты бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалды. Алматы облыстық соты сегіз сотталушыдан түскен апелляциялық шағымды қарай келе, осындай шешім шығарды. Сот отырысы ашық түрде өтеді делінгенімен, процесті бейнекамераға түсіруге тыйым салынды. Өйткені сотталушылардың қорғаушысы мен ата-аналары түсірілім жасауға қарсылық білдірген. Өткен жылы қазан айының басында Талғарда болған оқиғаның соңы жасөспірімнің қаза табуымен аяқталған еді. Талдықорғанда өткен сотта Шерзатқа пышақ салған Абзал Шынасылдың 23 жылға бас бостандығынан айырылғанын естеріңізге сала кетейік. Ал Равиль Сакиев 20 жылға, қалған айыпталушылар 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімдерге кесілді.
Қалдарбек Досымбет, апелляциялық сот отырысына төрағалық етуші:
-Сотталғандар Шынасыл, Сакиев, Тоқтаубаев, Тоқтаубаев, Балғожаев, Аскентай, Ильясов және Қалиахметке қатысты Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 5 маусымындағы үкімі мен жеке қаулысы өзгеріссіз, ал адвокаттар Абенов, Бөленбаев, Ержанов, Қилыбаев, Баймуханова, Нұрқасымбаев, Бабажанова, Сәдібековпен бірге Белғожаевтың, қорғаушы Сарманованың, сотталғандар Тоқтаубаев, Тоқтаубаев, Сакиевтің апелляциялық шағымы мен адвокат Сыдықбековтың жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Мейірман Шекеев, жәбірленуші тараптың қорғаушысы:-Біз толықтай келісеміз. Бірінші сатының үкімі шыққан кезде де біз өзіміздің позициямызды білдіргенбіз. Соған қанағат тұтамыз. Иә, Шерзаттың аруағы, Нұрқанаттың аруағы риза болсын. Жәбірленуші тарапы бұл үкіммен келіседі.