Алматыда банктерді алдаған алаяқтардың әрекеті әшекере болды. Атап айтқанда, Қаржылық мониторинг агенттігі «Comfort Time» серіктестігі және өзге де кәсіпорындардың басшылығына қатысты алдау арқылы мүліктік залал келтіру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар бірқатар заңды тұлғаны тіркеп, несие алуды көздеген жұмыссыз азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеген. Салдарынан олардың табыстары мен төлем қабілеттілігі туралы жалған деректер пайда болып, банктер соның негізінде несие берген. Осылайша, 399 миллион теңге шамасындағы 140 несие рәсімделген. Ал қаржы берген банк алдындағы міндеттеме орындалмапты. Мұндай дерек елдің 8 өңірінде анықталып отыр.