Абай облысы Үржар ауданында 6 баланы көлік қағып кетті. Жол апаты салдарынан екі бала оқиға орнында, біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Бүгін күндіз аяқ қолы сынған екі бала Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының санитариялық авиация бортымен Астанаға жеткізілді. Енді оларға елордалық дәрігерлер күтім жасайды. Зардап шеккен тағы бір қыз бала жағдайының ауырлығына байланысты аудандық ауруханада қалды. Дәрігерлердің сөзінше, үш баланың жағдайы ауыр.
Қайғылы жағдай дәл осы аулада болған. Екі үйдің алты баласы осы қоршаудың ар жағында ойнап отырған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, балалар жоғары жылдамдықпен қоршауға кірген көліктің астында қалып қойыпты. Оларды шығару үшін арнайы төтенше жағдайлар қызметкерлері келген.
Кеше түнде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астаналық дәрігерлер келіп жағдайы ауыр балаға шұғыл операция жасаған. «Аудан орталығында қалған 9 жасар қыздың жағдайы әлі ауыр»,– дейді дәрігерлер.
Мәдина Ноғайбаева, Үржар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
-Қазіргі кезде жалғыз қалған жоқ. Жиырма төрт сағаттық өзіміздің дәрігерлеріміз осында. Прием покойда жеке дәрігеріміз, реанимацияда жеке дәрігеріміз бар. Одан бөлек, областной дәрігер детский реаниматолог осында Жолды көтере алмауына байланысты Астанаға әкетпеді. Егер тұрақтанып жақсы болып жатса, алдағы уақытта алып кетеді.
Үржарда облыс әкімі орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Қайғыдан қан жұтқан отбасына әкімдік тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қажетті қолдау көрсетіледі. «Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек беріледі»,– дейді.
Ақылбек Бәшімбаев, Үржар ауданының әкімі:
-Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес материалдық көмек және де жерлеу рәсіміне де көмек көрсететін болады әкімдік тарапынан. Психологтар кешеден бері жұмыс атқарып жатыр. Жанұясына ата-анасына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Балаларды қаққан жүргізуші сол ауылдың 55 жастағы тұрғыны болып шықты. Ауылдастарының айтуынша, оның жол үстінде денсаулығы нашарлап, көлікке ие бола алмай қалған көрінеді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары жүріп жатыр.
Ернар Базаров, Абай облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары:
-Медициналық сараптамаға сәйкес оның жол апаты кезінде масаң күйде болмағаны анықталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция жүргізушілерге жол ережесін сақтауға, әсересе тұрғын үйлердің маңында балалар жүретін орында барынша мұқият болуға шақырады.
Жол апатынан қатты зардап шеккен тоғыз жасар қыз әлі есін жимаған. Оған қазір Семейден келген дәрігерлер қарап жатыр. Қайғылы жағдай салдарынан үш бала қайтыс болып, үшеуі ауыр жағдайда жатыр.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы