Үржардағы жол апаты: Балалардың жағдайы ауыр

  • 49
  • 21.08.2025, 18:35

Абай облысының Үржар ауданынан жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі бала санитариялық авиация арқылы №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген еді. Қазір олар жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында. Жеткіншектердің жағдайы қалай? Қандай ем-дом қабылдауда? 

Үржар ауданындағы көлік оқиғасынан зардап шеккен қыздың жағдайы ауыр. Елордадағы №2 көпбейінді қалалық аурухана мамандары науқастың жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанын хабарлады. Әзірге Астанаға арнайы ұшақпен жеткізілген екі бала да жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер: «9 жастағы қыздың бас сүйегі зақымданған», - дейді. Ал ұл балаға бірінші және екінші дәрежедегі травматикалық шок диагнозы қойылған. Баланың жағдайы оңалып келеді. Ол жақында палатаға ауыстырылуы мүмкін.

Динат Қожекенов, №2 көпбейінді қалалық аурухана директорының орынбасары:

- Тағы бір-екі тексерулер нәтижесін тосамыз, солардың нәтижесі бойынша ұл бала бүгін-ертең ауысып қалуы да мүмкін. Қыз баланың жағдайы өте ауыр, әлі қауіп бар. 

Қайғылы оқиғадан зардап шеккен тағы бір қыз Абай облысы, Үржар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.

Жол апатынан зардап шеккен қыздың жағдайы әлі ауыр. 

Абай облысы Бестерек ауылында көлік қағып кеткен екі жасар баланы жақындары жер қойнауына тапсырды. Ал Үржар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқан 9 жастағы қыздың жағдайында еш өзгеріс жоқ. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Астаналық дәрігерлер оның ішкі ағзасына, миына бірнеше операция жасаған.

Еске сала кетсек, 19 тамызда Бестерек ауылында көлік жоғары жылдамдықпен жеке үйдің ауласына соғылып, алты баланы жаншып өтті. Жол апаты салдарынан кәмелет жасқа толмаған үш бала көз жұмса, қалғаны ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.    

Мәдина Ноғайбаева, Үржар аудандық ауруханасы басшысының орынбасары:

- Бас миына трепанация отасы жасалды. Қазіргі кезде жағдайы тұрақты ауыр. Әлі ешқандай өзгеріс жоқ. Бірқалыпты. Жасанды тыныс алу аппаратында. Қазіргі кезде күтуден басқа амал жоқ. Ешқандай болжам айта алмаймыз. 

Құралай Жұмахан