Қарағандылық қоғам белсенділері Бұқпа өзенінде балықтар қырылып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Орталық құбырдағы ақау салдарынан өзенге бірнеше күн бойы кәріз суы төгілген. Қалдық су қала іргесіндегі Федоров су қоймасына дейін жеткен. Бұл жағдай стратегиялық маңызды нысан жұмысына кедергісін келтірген жоқ па? Балықтың жаппай қырылуына не себеп?
Орталық құбырда ақау шығып, кіші Бұқпа өзеніне кәріз суы төгілген. Жағдайды бақылауға шыққан қоғам белсенділері балықтардың қырылғанын байқаған. Олардың пікірінше бұған кәріз суы себеп болуы мүмкін.
Павел Подвогин, қоғам белсендісі: -Су ағысы күшті кезде құбыр ішін қаптаған пластикті жұлып әкетеді. Себебі оны дұрыс бекітпеген. Негізінде бір-бірімен дәнекерленіп, мықтап бекітілуі керек еді. Ал мұнда тек шегелей салған. 2018 жылы ғана қыруар қаржыға істелген дүние. Желге ұшқан ақша.
Жайылған кәріз суының ауқымы өте үлкен. Мамандардың болжамынша, шамамен 200 мың текше метр қалдық су өзен арқылы өтіп, Федоров су қоймасына дейін жеткен. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары тиісті сынамаларды алды. Тексеру нәтижесінде қоршаған ортаға, балыққа қаншалықты зиян келгені анықталады.
Жеңісгүл Рақметова, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы:
-Қазіргі таңда біз лабораториялық зерттеуге санитария-химиялық, санитария микробиологиялық, санитария паразитологиялық зерттеуін алдық. Қорытындылары келгеннен кейін бұл ақпарат белгілі болады. Микробиологиялық және паразитология зерттеулері 10 күн аралығында санитарлық-химиялық зерттеу 20 күн аралығында дайын болады.
Оныншы коллектор аталатын 13,5 шақырым орталық құбыр қаланың басты күретамыры. Негізгі қалдық су сол арқылы ағады. Осыдан бес жыл бұрын ғана жөнделген. Сол кезде құбыр іші пластикпен қапталған. Онысы дұрыс бекітілмегендіктен қатты ағысқа шыдамай ажырап, коллекторды бітеп тастайды. «Қысым жоғары болғандықтан құбыр жарылып, қалдық су сыртқа жайылады»,– дейді мамандар.
Ербол Төлеуов, Сумен жабдықтау компаниясының бас директоры:
-Оныншы коллектор көрдіңіз бе, қаншама құдықтары бар. Сол әр құдықтан субұрқақ сияқты ұрады. Жоба істелді. Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Жаңағы құзырлы органдардан тиісті шешімдері бар. Жөндеп жатырмыз.
Экология департаментінің мамандары жаспардан тыс тексеріс жүргізілетінін айтты. «Алайда тексеріс пен айыппұл салу мәселенің түбегейлі шешімі емес»,– дейді коммуналдық сала мамандары.Қарағандыны сумен жабдықтайтын компанияның мәліметінше қаладағы кәріз жүйесінің 90% тозған. Осыған байланысты құбырларды жөндеу үшін жергілкті билікке үш түрлі жоба ұсынбақ. «Барлық жұмысқа кемінде 50 миллиард теңге қаражат қажет»,– дейді мамандар.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит