Өскеменде бір бөлігі опырылып түскен көпір қалпына келтіріліп жатыр. Еске салсақ, кеше Үлбі өзенінің қатты ағысы көпір тіреулерін шайып кеткен еді. Мұндағы су деңгейі 6 метрге дейін көтерілген. Қауіпсіздікті қамту мақсатында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланып, оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Мұны Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев айтты. Қазір көпірде көлік қозғалысы тоқтады. Мамандар жағдайды зерттеп жатыр. Көпірдің тірек конструкцияларын жөндеу биыл ғана аяқталған еді. Оған қазынадан 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.