Маңғыстауда жол апатына түскен 3 адамның жағдайы ауыр деп бағалануда. Зардап шеккендердің бас миы шайқалып, қабырға және аяқ сүйектері сынған. Науқастардың бірі түнде санұшақпен Ақтауға жеткізілді.
Есіңізге сала кетейік, кеше күндізгі сағат 4 шамасында «Бекет ата» жолында «Тойота» маркалы минивэн аударылды. Көлік салонында 12 жолаушы болған. 8-і оқиға орнында, екі адам ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмды. Марқұмдардың арасында Ақмола, Қарағанды облысының тұрғындары бар. Көлік жүргізуші мен 2 жолаушының өмірін сақтап қалуға дәрігерлер қолдан келетін көмекті жасап жатыр.
Бекболат Ізбасаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Жүргізуші Жаңаөзен тұрғыны. Екі науқас Қарағанды облысының тұрғындары болып табылады. Түнде облыстық санавиация бригадасы Жаңаөзен қаласына жолданған болатын. Қараудан кейін бір науқас облыстық ауруханаға жеткізілген болатын. Қазіргі кезде жансақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты ауыр. Барлық медициналық көмекті толық көлемде алып жатыр.