Павлодар мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Алтыншы сынып оқушылары дене шынықтыру сабағында құбыр тазалауға арналған зат, газдалған сусын мен фольга араласқан сұйықтығы бар пластик құтымен футбол ойнаған. Құты жарылып, бірнеше бала химиялық күйік алды. 7 оқушы шұғыл ауруханаға жеткізілді. «Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарының әрекеті комиссия отырысында қаралатын болды. Тергеу барысында мектеп қызметкерлерінің іс-әрекетіне де құқықтық баға берілмек.
Қаһарман Баймұратов, облыстық балалар ауруханасының комбустиолог-дәрігері:
-Мектептен жедел-жәрдем қызметі арқылы денесінің әртүрлі жерін химиялық күйік шалған жеті бала жеткізілді. Абырой болғанда, күйіктің көлемі мен тереңдігі үлкен болмаған. Қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетілді.