Жамбыл облысында болған жер сілкінісінен соң жұмыс тобы құрылды. Жергілікті билік пен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары облыс аумағындағы ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жағдайын тексеріп жатыр. Қазір олар өңірдегі 977 білім беру, 221 денсаулық сақтау, 73 әлеуметтік және 172 өндірістік нысанды қарап шыққан. Департамент мамандары тексеру жұмыстарын жалғастырып, жедел желі арқылы да қызмет көрсетеді. Кешеден бері 112 және 101 қызметтеріне ақпарат алу үшін 130 тұрғын хабарласқан. Еске салсақ, кеше түнгі 1:29-да Түркістан мен Жамбыл облысы аумағында 4 балдық жер сілкінісі тіркелді.
Руслан Орынбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Көптеген сұраныстар түсетін болса, сол сұраныстарға сәйкес жеке-меншік үйлерді тексеретін болады. Қираулар, зардап шеккендер мен қауіпті заттардың төгілуі тіркелген жоқ. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысында ешқандай бұзушылықтар анықталған жоқ. Халыққа және қоршаған ортаға қауіп төніп тұрған жоқ.