Ондаған тұрғынды алдаған жиһаз цехының қожайындары ұсталды

  • 9
  • 06.10.2025, 19:42

Алматыда ондаған тұрғынды алдап, миллиондап пайда тапқан жиһаз цехының қожайындары ұсталды. Әлеуметтік желі арқылы сенімге кіріп, тапсырыс қабылдағандар алдын ала төлем алған соң, ізім-қайым жоғалған.

Әлеуметтік желідегі тартымды жарнамаға алданған 20-дан аса алматылық жиһаздан күдер үзген. Алдын ала төлеген ақшаларын да қайтара алмай әлек. Күте-күте төзімі таусылған жұрт Жетісу аудандық полиция басқармасына жиналды. «Жасаймыз, жеткіземіз» деген сөзге сенген тұрғындар 3 миллионға дейін төлем жасаған. Ал ақшаны алғандар телефонын өшіріп, ғайып болған.

Аида Маралбаева, жәбірленуші:

 - 2025 жылы март айында ИП «Люкс мебельге» жиһаз заказ бергем. Біріншіден, кухня заказ бергем. Кухнядан келіп, Асланбек мырза ИП-ның иесі өзі келіп, мебельге заказ алды кухняға. Тек кухня берем деп едім, ол кісі мені басымды айналдырып кухня, прихожка и спальняға заказ алды. Ақшам жетпейді деп едім, мені кредитке тықты.  

Аида секілді алданғандар аз емес. Күдіктілер әшкере болған сәтте атауын ауыстырып, қайта шыққан. Күмәнданғандарға көзбояушылық үшін жиһаздың бір-екі бөлшегін апарып, жұмыс жүріп жатқандай көрініс жасаған.

Зейінәлі Зандаров, жәбірленуші:

- Басында бәрі сенімді сияқты көрінген. 25-30 күнде дайын болады деді. Бірақ уақыты жеткенде телефонын бұғаттап, байланысқа шықпай кетті. Арыз жаздық, бірақ сол күйі нәтиже жоқ.

Адвокаттың айтуынша, іс алғашқыда салғырт қаралған. Дәлелдер жеткілікті болса да, тергеу баяу жүрген көрінеді.

Тілеужан Кішкенебаев, адвокат:

- Араларында кейбіреуінде келісімшарт бар. Ал полиция басқармасының сылтауы сол келісімшарт бар ғой деген желеу айтады. Мына ақша алынған кезде кімнің счетына түсті. Ол ақша қай жаққа кетті оның бәрін неге анықтамайсыңдар деген сияқты сұрақтарға жауап бере алмай отыр. Тергеу дұрыс жүріп жатқан жоқ.

Полиция департаменті мамандарының мәліметінше, өткен жұмада жәбірленушілер журналистермен кездескен соң, екі күдікті ұсталып, қамауға алыныпты. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі:

- Ресми полицияға 20-дан астам азаматтар шағымданды. Олар ресми түрде қылмыстық іс аясында жәбірленушілер болып танылды. Тергеу амалдарын жүргізу барысында соталды тергеу барысында бұлтартпау шарасы тағайындалады.

Қазір тергеу қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни, бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша жүріп жатыр. Полиция істі бақылауға алған, үдіктілердің саны әлі де артуы мүмкін.

Авторлар: Алуа Ералықызы, Кенже Амраев, Сержан Жұмабаев.