Интернет-алаяқтар енді көлік жүргізушілеріне көз тіге бастады

  • 8
  • 08.10.2025, 19:37

Сол себепті алматылық полицейлер автомобиль иелеріне мұқият болуды ескертіп отыр. Соңғы уақытта алыс-жақын елдерде киберқылмыскерлер «жол ережесін бұздыңыз» деп жалған айыппұл жіберуді шығарған. Онда жүргізушінің жеке дерегі, көлік нөмірі және «айыппұлды төлеуге арналған» сілтеме көрсетіледі. Егер айыппұлды төлеу үшін банк картасының дерегін енгізсе, алаяқтар есепшотқа қол салады. Мұндай шабуылдар АҚШ пен Ресейде тіркелген. «Енді Қазақстанда таралу қаупі бар»,– дейді қалалық Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы. 

Әнес Қалдыбаев, қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы:

-Айыппұл туралы ресми хабарлама тек 1414 номерінен келеді және төлем жасауға арналған сілтеме болмайды. Айыппұлды egov.kz, qamqor.gov.kz сайттары немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы ғана тексеріңіздер. Егер сізге күмәнді хабарлама келсе сілтемеге өтпеңіз және файлдарды ашпаңыз, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіз. Дереу банкке, полицияға хабарласыңыз.