Қылмыспен күрес күшейді

  • 11
  • 13.10.2025, 19:35

Бұдан былай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнекамералар қосылған жедел басқару орталықтары аудандарда да пайда болады. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәлімдеуінше қылмысқа қарсы күрес және оның алдын алу жұмыстарында жасанды интеллект те қолданылып жатыр. Дегенмен депутаттар мен қоғамның қолдауы қажет. 

Бүгінгі отырыс әдеттегідей Үкімет үйінде емес, Ішкі істер министрлігінде өтті. Оған Мәжіліс депутаттары түгел жиналды. Министр Ержан Сәденов елдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жұмыстарды тізіп берді. Тиісінше, оған қойған сауалдар да аз болмады. 

Еліміздің бас полицейі өз баяндамасында ел егемендігі алған жылдан бергі мәліметтерді де айтып өтті. Мәселен, сол уақыттан бүгінгі күнге дейін қылмыс саны екі есе төмендеген. Ал аса ауыр санаттағысы 4,5 есе азайған. Биыл ұрлық-қарлық, тонау, қарақшылық және атыс қаруын қолданумен болатын заңсыздық деректері де аз тіркелген. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа технология мен жасанды интеллект қолданылып жатыр.  

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
-Бұл нәтижеге ауқымды профилактикалық жұмыстың нәтижесінде қол жеткіздік. Қылмысқа қарсы нақты бағдарлама іске асуда. Бұл кісі өлтіруге, ұрлыққа, киберқылмысқа, интернет алаяқтыққа, есірткі бизнесіне қарсы, адам саудасына, экстремизмге қарсы күреске және колониядағы жағдайды жақсартуға бағытталған бағдарламалар. Оң динамика биыл да сақталуда. Қылмыс 7 пайыз немесе 6 мыңнан астам қылмысқа азайды. Министрдің айтуынша, қылмыстың 80 пайызын көбіне жұмыссыз азаматтар жасайды. Оның бұл сөзін Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева толықтырып, келеңсіздік алдын алу жолдарын да айтып берді.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Не істеу қажет? Біріншіден, білім жағынан. Әрине, азаматтардың біліктілігін, білімдерін арттыру қажет. Біздер жоғары білім береміз дегенде аямау керекпіз, ұмтылатын азаматтарға гранттарды беру керекпіз. Екіншіден, сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Осы екіжақты жұмыс жасау керек.
  

Ал жол бойында көлік апатының тіркелуі тыйылмай отыр. Министрлік бұл бағыттағы кемшіліктің бірі автомектептердің мемлекеттік бақылаудан шығуымен байланыстырады. Оның үстіне жолда жүрген ескі көліктердің саны аз емес. Ал елдегі жолдардың 12 пайызы ғана тиісті қауіпсіздік қағидасына сай келеді. Бұдан бөлек министрлік алкоголдік ішімдіктерді қарапайым дүкендер мен супермаркеттерде сатуға тыйым салуды ұсынып отыр. Себебі жыл сайын елде 10 мыңға жуық қылмыс спирттік ішімдік ішкеннің салдарынан тіркеледі. Есірткіге қатысты статистика да көңіл көншітпейді. Мәселен, 5 жыл бұрын 12 айда 100 келі шамасын синтетикалық есірткі тәркіленсе, биылғы 9 айда оның көрсткіші тоннадан астам. 

Бақытжан Әмірханов, ҚР Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы: 
- Жалпы елімізде 26 тонна есірткілер тәркіленді. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 16-сы құрықталды. 12 зертханасы жойылды синтетикаға байланысты. Негізгісі ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 28 іс қозғалды. Олардың 16 топ мүшелері мен 60 белсенділері ұсталды.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтуға қатысты баяндаған министрге депутаттардың да сұрағы аз болмады. Халық қалаулысы Самат Нұртаза жоғалған байланыс құралын табылмай тұрғанын айтты. 

Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
- Жалпы сіз «1,5 миллион камерамыз бар, 58 пайыз қылмыс ашылып жатыр», – деп жатасыз ғой. Қарапайым сұрақ. Неге ұрланған, жоғалған смартфондар табылмайды? 1,5 жыл болды Есіл РОВД-да менің шағымым жатыр әлі. Жарайды, мені қойшы, жалпы қарапайым халық смартфонын жоғалтып алады. Сол қарапайым смартфонды таба алмай жатқанда біз жоғары, глобалды нәрселерді айтқан кішкене қызық көрінеді екен.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі: 
-Жалпы ол енді бір серый сферамен кірген болуы керек. Өйткені шынымен таба алмай жатырмыз. Оны қарау керек. Қай жерден сатып аласыздар. Жалпы мәселе бар. Жаңа айтасыз, камера дейсіз, учасковый дейсіз, әрине, енді кемшіліктер де бар. Біз оны қараймыз.
 

Жиында саланың әр бағыты қамтылды. Ал Ішкі істер министрлігі енді саябақтар мен аула қауіпсіздігіне баса назар аудармақ. Бұл ретте бейнебақылау жүйесін одан әрі дамыту жүрмек. Камералар қосылған жедел басқару орталықтары енді аудандарда пайда болуы мүмкін. Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейманов