Бұл туралы Сенатта брифинг берген Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді. Оған қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын ұрлады деген айып тағылған болатын.
Еске сала кетейік, үш адам азаматтардың зейнетақы жинақтарын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» жалған схемалар арқылы заңсыз шығарумен айналысқан. Яғни бірқатар стоматологиялық клиника шын мәнінде медициналық қызмет көрсетпеген. Тек жалған құжаттардың негізінде зейнетақы қаражаты жеке ұйымдардың есепшоттарына аударылып отырған. Агенттік мәліметінше, шамамен 46 миллиард теңге заңсыз алынған. Жуырда ғана осы іс бойынша 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, ұйымдастырушыларға іздеу салынған болатын.
Жеңіс Елемесов, ҚМА төрағасының орынбасары:
- Дүйсенов аталған іс бойынша күдікті мәртебесінде болды. Бұған дейін сот оны қамауға алу жөнінде сырттай санкция берген. Ол жақында Қазақстан-Ресей шекарасында ұсталды. Тергеу барысында оның қылмысы толық дәлелденді. Тағы екі адам іздеуде. Қазір зейнетақы төлемдерін заңсыз пайдалануға қатысты стоматологиялық қызметтерге қоса басқа да салаларға тексеріс жүргізілуде. Мәселен, офтальмологиялық қызмет пен тұрғын үй бағдарламалары да тексеріліп жатыр.
Қазақстан терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда. Сенат тиісті келісімді ратификациялады. Құжатта қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың алдын алу тетіктері де қамтылған. Аталмыш қылмыспен ТМД елдерінің құзырлы бөлімдері бірлесіп күреседі. Ол үшін тәуекелдерін бағалау жөніндегі орталық құрылады.
Айта кетейік, Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше Қазақстанда соңғы уақытта 15 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған. 20 заңсыз криптовалюта биржасы жабылып, 9,7 миллион доллар виртуалды активтерге тыйым салыныпты. 45 қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Аталған келісім ТМД елдері шеңдерінде арнайы халықаралық орталық құру көзделген. Бұл орталық қауіп-қатерлерді бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржылық барлау бөлімшелері арасында қорғалған ақпараттық жүйе арқылы ақпарат алмасуға жол ашады. Мақұлданған заң қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің тиімділігін арттыра түседі деп сенеміз.