Бюджеттің 2 млрд теңгеден астам қаржысы қолды болды. Бұл қаражат Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген еді. Қылмыс салдарынан төрт дене шынықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтуға арналған құбыр пайдалануға берілмеген. «QazConstructions» ЖШС-нің басшылығы мен бұрынғы директорының орынбасары, яғни Күршім ауданы мәслихатының депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі: -Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» автокөліктері мен асылтұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды. Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда.