Алматыда алғаш рет құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналған жобалар көрмесі өтті. Kazakhstan Prevention Days деп аталатын іс-шарада 45 түрлі қауіпсіздік жобасы таныстырылды. Оның ішінде жол ережесін қадағалайтын «Sergek TOR», «Qorgau» цифрлық жүйесі, ақылды жаяу жүргінші өткелдері сияқты автоматты жүйелер бар. Қатысушыларға ұшқышсыз ұшу аппараттары да көрсетілді. Мамандар интернет алаяқтардан қорғану, дропперліктен сақтану жолдарын түсіндірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қылмыстың алдын алу тәртіп сақшыларының ғана емес, кез келген адамның азаматтық борышы.
Жанат Ділбарханова, ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары:
-«Заң және тәртіп» жобасының мақсаты – адамдардың құқықтық жауапкершілігін арттырып, қауіпсіздіктің бастауы қоғамда екенін түсіндіру. Әркім өзі тұрған жердің тыныштығына үлес қосса ғана қауіпсіз орта құрылады. Құқықтық жобалар көрмесі Германияда 30 жылдан бері өтіп келеді. Біз солардың озық тәжірибесін алып жатырмыз.